Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым, белгілі саяхаттанушы, Орталық Азия, Сібір, Қазақстан халықтарының тарихын, фольклорын зерттеуші-этнограф Григорий Николаевич Потанин 1835 жылы Павлодар облысы Ямышево ауылында туған.
Әкесі казак офицері болған Николай Потанин ХІХ ғасырдың басында сауда керуендерімен Семейден Орталық Азия аумағына дейін барған. Өз уақытында білімді де сауатты адам болған. Географияны, әскери тарих пен ішкі саясатты ерекше білетін. Ол жолдар мен мекендердің сипаттамасын жасаған. Орталық Азияның экономикалық және әскери жағдайын барлап отырған. Николай Потанин Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыспен достық қарым қатынаста болған. Олардың арасындағы достық кейінірек балаларының арасында да орын алған.
Ертістің табиғатынан ерекше әсер алған және әкесінің саяхаттары туралы естеліктерін ой елегінен өткізгеннен кейін Григорий туған жері мен басқа да мемлекеттер мен халықтар туралы зерттеулер жүргізуге ынта-ықыласы ояна бастады. Жасынан ол қазақ тілін жетік меңгерді.
10 жасында ол Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түседі. Ол бұл жерде әкесінің досы Шыңғыстың ұлы – Шоқанмен танысады. Сондақтан да оның жақын досы Шоқан Уәлихановтың болуы кездейсоқ емес. Шоқан Григорийге қазақ халқының өмірі мен тұрмыс салты туралы көп айтқан. Григорий болса оның айтқан әңгімелерін қағазға түртіп отырған. Шоқан болса, оған мәтіндегі қазақтардың тұрмыс-салтын, киім-кешектермен ат-әбзелдерін, қару түрлерін суретпен көркемдеуге көмектесті.
Кейінірек Григорий былай деп еске алады: «... екеумізді де қырғыз (Қазақ - авт.) даласы мен Орталық Азия қызықтырған болатын. Ерекше ынтамен Палластың кітабын оқыдық, әсіресе өзіміздің туған жеріміз жайлы жазылған беттерін парақтадық. Оқи отырып қбілетіміз шыңдала түсті».
Потанин Орта Азия мен Сібірге 5 ірі экспедицияны жүргізді. Екі халықтың - қазақ және орыс тарихи-мәдени қауымдастығының қалыптасуында екі халықтың жақындасуына айтарлықтай нақты үлес қосқан Григорий Николаевич Потаниннің ғылыми мұрасының маңыздылығын бағалау қиын.
Г.Потанин 240-қа жуық іргелі жұмыстардың авторы. 1886 жылы «Қазақтар мен Алтай түріктерінің аңыздары мен ертегілері» еңбегі үшін Императорлық орыс географиялық қоғамының Ұлы Константинов медалімен марапатталған.
Оның еңбектері Еуразияның әлемдік мәдени мұрасына енген. Қазақстанды зерттеуге Г.Н. Потанин көптеген еңбектерін арнады. Потанин өмір бойы 75 баспа бетіне этнографиялық материалдар жинады, соның ішінде 222 ертегілер, өлеңдер, аңыздар мен дәстүрлер.
1855 жылы орыс казактарының жетекшісі ретінде Жетісуда болды, Григорий Николаевич Алматы қаласының құрылысының басталуына ықпал етті.
Ол қазақ автономиясының идеологиялық негізі болған Сібір облысының негізін қалаушы болды. Патшалық Ресейдің орыс қоғамы мен қазақтардың орыстармен арасындағы достығының жаршысы.
1863 жылы ол Ресей мен Қытай арасындағы шекараны анықтаған комиссия құрамында болды. 1865 жылы Потанин Сібірді Ресейден бөлу идеясы үшін қамауға алынды. Ол Омск түрмесінде 3 жылға қамалды, тергеу аяқталғаннан кейін Вологод губерниясында ауыр жұмыс істеуге 4 жылға жер аударылды.
1876 жылдан бастап Сібір мен Орталық Азияның аз зерттелген аудандарының географиясы, этнографиясы, фольклоры, ботаникасы мен экономикасы жөнінде деректер жинау мақсатымен бірқатар саяхаттар жасады. Олардың ішінде 1876-1877 және 1879-1880 жылдары Солтүстік-Батыс Моңғолияға, 1899 жылы Үлкен Хинганға жасаған экспедициялары назар аудартады. Сонымен қатар, Потанин Забайкалье, Алтай және Қазақстанда (Баянауыл, Сырымбет, Зайсан, Тарбағатай) болып, қазақ халқының аңыздарын, ертегілері мен әдет-ғұрыптары жайлы деректер жинап, кітап жазды.
Григорий Потанин Алаш Орда партиясының жетекшілерімен тығыз достықта болды. 1917 жылы Орынборда өткен 1-ші съезде Алаш партиясының Құрметті төрағасы болып сайланды.
Дала тұрғында оны «сұлу жанды ақсақал» деп атады. Бұл оның ел алдындағы еңбектері үшін жоғарғы баға болатын. Қазақ халқы және Сібір мен Қазақстанды мекендеген барлық этностар өкілдері оның есімін өз жадында мәңгіге сақтайды.
2012 жылы Павлодар қаласында өмірін Отанға және ғылымға адал қызмет етуге арнаған, баға жетпес ғылыми және мәдени мұра қалдырған көрнекті ғалымдарға - Григорий Николаевич Потанин мен Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа ескерткіш ашылды. Екі ұлы ғалымға, зерттеушілерге арналған ескерткіш мызғымас тарихи және мәдени бірлестік пен халықтарымыздың байланысын білдіреді.